Астанада балаларға арналған “Ұйықтамақ” атты кітабының тұсаукесері өтті. «Ұйықтамақ» – IT маман, ғалым Әйгерім Кеулімжайдың алғашқы туындысы.
Автордың айтуынша, күнделікті дағдыны тақпақ арқылы балаға жаттату эмоциалық интеллектіні жетілдіреді әрі балаға өз сезімдерін тануға оң әсер етеді.
Кітапта балалардың ұйықтар алды ойыншықтарын жинаудан бастап, жуыну, ұйықтайтын киімін кию, кітап оқу және тағы басқа күнделікті әдеттерді үйрететін суреттер мен тақпақтар топтастырылған.
Кітап иллюстрациясын «Батыр» және басқа да танымал кітаптардың суретін салған Әйгерім Әбілқайырова жасаған. Кітаптың түстерін таңдауда мамандар қанық әрі көз ауыртпайтын, ұйқы алдында баланың жүйкесін елеңдетпейтіндей түстерді арнайы таңдауға басымдық берген.
Аталған балалар кітабына рецензия жазған германиялық балалар және жасөспірімдер психологі Сымбат Айжарық балаға тақпақ жаттатудың көптеген артықшылығы бар екенін айтады. Маманның айтуынша, бала тақпақ жаттап, оны айтып беру арқылы өзіне деген сенімі қалыптасады.
«Ұйықтамақ» кітабын балаларды түнгі ұйқыға дайындауға арналған көмекші құрал деуге болады. Ұйқыға кетер алдындағы тұрақты әдет-дағды қалыптастыру баланың тыныш, жақсы ұйықтауына көмектеседі. Тақпақ түрінде болуының артықшылығы — жаттауға оңай әрі рет-ретімен, өздігінен әрекет етуіне септігін тигізіп, өзіне сенімін нығайтады», - дейді балалар психологы Juzmedia тілшісіне.
Ал автор Әйгерім Кеулімжай кітаптағы тақпақ мазмұнына сай салынған суреттер, теңеулер мен метафоралар бала қиялын жандандыратынын айтады. Сондай-ақ, бала тақпақтағы бейнелерді елестете отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытады.
«Бұл бір көптен ойда жүрген іс еді, жүзеге асырудың сәті енді түсіп жатыр. Бұйырса, серияның жалғасын шығаруды жоспарлап отырмын. Жалпы, қазір балаларға арналған қазақша кітаптар көбейіп келе жатқаны қуантады. Кітап артық етпейді. Оның ішінде сапалы кітап айрықша қабылданады. Тақпақ арқылы бала әртүрлі эмоцияларды сезініп, өз сезімдерін айтып үйренеді. «Ұйықтамақ» та кішкентай оқырмандардың көңілінен шығады деп үміттенемін», - дейді автор Әйгерім Кеулімжай.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.