homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

2026 жылдан бастап салық пен кеден ережелері жаңарады

08.12.2025, 12:39

Қаржы министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа тәртіптерді түсіндірді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ең үлкен өзгеріс – шағын және микро бизнеске бағытталған «таза парақ» бастамасы. Кәсіпкер негізгі қарызын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін өтесе, оған есептелген айыппұл мен өсімпұл кешіріледі. 

Декларацияны кеш тапсыру үшін айыппұл салу тоқтатылады. Егер кәсіпкер декларацияны мүлде өткізбесе, жүйе оны автоматты түрде нөл деп есептейді. Кейбір ескі есеп формалары күшін жояды. Жылдық мүлік және жер салығы 1 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер енді оны тоқсан сайын емес, жылына бір рет төлейді.

Салық қарызын өндіріп алу тәртібі де жұмсартылады. 20 айлық есептік көрсеткішке дейін қарызы бар азаматқа тек хабарлама жіберіледі. Ал шотты бұғаттау немесе мүлікті тәркілеу сияқты шаралар тек ірі және ұзақ уақыт төленбеген берешекке ғана қолданылады.

ҚҚС саласында жаңа бақылау жүйесі іске қосылады. Электронды шот-фактураны ҚҚС қалдығы жеткілікті болғанда ғана жазуға болады. Бұл жалған компаниялармен күресуге көмектеседі және ҚҚС қайтару мерзімін 15 жұмыс күніне дейін қысқартады.

Жеке азаматтар үшін де өзгеріс бар: банкроттық рәсімі жеңілдейді. Ескі несиелер бойынша алдын ала шарт қою талабы алынып тасталады. Сондай-ақ азамат банкроттық рәсімін себеп түсіндірмей-ақ тоқтата алады.