Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз трансшекаралық төлемдердің ауқымды схемасын анықтады. Тергеу дерегінше, ұйымдасқан ірі қылмыстық топ 600 млрд теңгеден астам қаржыны шетелдегі онлайн-казино шотына аударып үлгерген.
Тергеу барысында анықталған схема өте қарапайым көрінгенімен, көлемі таңғаларлық.
"Қазіргі уақытта заңсыз операциялардың анықталған көлемі 600 миллиард теңгеден асады. Заңсыз схемаға 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің лауазымды тұлғалары тартылған", - делінген ҚМА таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Заңсыз жұмысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан 120 адам тартылған.
ҚМА мәліметінше 70-тен астам тінту жүргізіліп, тоғыз адам қамауға алынды, арасында «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі де бар.
Сегіз адамға халықаралық іздеу жарияланбақ.
.