homepage

Ирландия тарихындағы сұмдық: «Өмірдің ұсақ-түйегі» фильмін неліктен көруге тиіспіз?

25.11.2024, 10:34

Қазақшалағанда «Өмірдің ұсақ-түйегі» (Small Things Like These) фильмі Клэр Кигэннің кітабына негізделген. Фильм сюжетіне Ирландиядағы 1980 жылдардағы өмір, Магдалина орталықтарының қасіретті оқиғалары және моральдық таңдау мәселелері арқау болған. 

Магдалина кірханасы (кір жуатын орын – ред.) – Ирландияда жұмыс істеп келген мекемелер, мұнда қоғамда “жат” деп танылған әйелдер ауыр еңбекке жегіліп, жантүршігерлік жағдайда өмір сүрді. Ең қызығы -орталықтандырылған бұл мекемелер шіркеу мен мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Фильм режиссері Тим Милантс көмір сатушының оқиғасы арқылы көрерменді қоғамдағы әділетсіздікке көз жұма қарау мәселесінде қайта ойлануға шақырады. Расымен де дінді желеу еткен зұлымдық ордасының 1996 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп тұруы таңданбасыңа қоймайды.

Фильмінің бас кейіпкері – Билл Фурлонг (Киллиан Мерфи) есімді көмір сатушысы. Қарапайым тұрмыс кешіп жатқан ол отбасын асырау үшін күн сайын тұрмыс қиындықтарымен жолығады. Биллдің рөлі фильмде ерекше маңызды, себебі оның өміріндегі бір оқиға оны моральдық таңдауға әкеледі.

Қыс мезгілі қарсаңында, Рождество жақындағанда, Билл Магдалина кірханасының бірінде өлімші күйдегі жас әйелді кездестіреді. Ол әйелдің басынан өткен жағдайды көріп, шіркеу мен қоғамның бұл мекемеге көз жұмып отырған әділетсіздігін түсінеді. Бұл сәт Биллдің өмірінде үлкен бетбұрыс жасайды: ол өз принциптері мен ішкі сенімі алдында күйзеліске түседі. 

Биллдің рөлі – әділетсіздікке көз жұма қарамай, өз жүрек үніне құлақ асудың үлгісі. Ол шіркеу мен қоғамның ықпалына қарамастан, адамгершілік тұрғысынан әрекет етуге тырысады. Оның таңдауын фильмнің негізгі өзегі деуге болады. Өйткені билік пен дін өкілдерінің жең ұшынан жалғасқан түзету мекемесіндегі қатыгездікке қоғам қарсы келе алмаған және сонысымен де қорқынышты еді. 

МАГДАЛИНАНЫ ӘШКЕРЕ ЕТУ

Бас кейіпкер Билл Фурлонг көмір тасып жүріп Магдалина кірханасындағы шарасыз әйелдердің тағдырына бірте бірте қаныға бастайды. Кірханадағы әйелдер қара жұмысқа жегілгенімен қоймай, үнемі қатаң бақылауда. Адамдық қадір-қасиеті тапталған әйелдер тағдырдың бұл тауқыметіне біржола көнген, шыдай алмай қайтыс болғандар да кездеседі. Магдалина орталықтары шіркеудің қолдауына ие болғандықтан, жергілікті қоғам бұл әділетсіздіктерді көрсе де, үнсіз қалуды жөн көрген. Қоғамның екіжүзділігін, шіркеудің беделі үшін әділетсіздікке көз жұмуын фильмдегі түнерген күн мен ауыр тұрмыс арқылы астастырған.

Фильм барысында Билл Магдалина орталықтарының адам тағдырын қаншалықты талқандайтынын көріп, өз ар-ұжданы мен моральдық принциптері негізінде әрекет етуге шешім қабылдайды. Биллдің таңдауы арқылы орталықтардың шынайы сипаты әшкереленеді.

Фильм Магдалина орталықтарының қатігез жүйесін ашық көрсетпесе де, Биллдің тәжірибесі арқылы олардың адамгершілікке жатпайтын тұстары туралы терең ойландырады. 

ФИЛЬМДЕГІ КЕМШІЛІКТЕР

"Small Things Like These" фильміне көркем туынды ретінде жоғары баға берілсе де, көркем туындының кемшіліктері де баршылық. 

Біріншіден, оқиға баяу өрбиді. Әсіресе, экшн немесе драмалық сюжеттерге үйренген аудитория үшін бұл стиль тез жалықтырып жіберуі ықтимал.  

Екіншіден, Магдалина орталықтарының әділетсіздігі мен қасіреті фильмде толық ашылмаған. Кітапта сипатталған күрделі детальдар мен психологиялық салмақ экранда жеткілікті деңгейде көрсетілмеуі Магдалина сұмдығын білмейтін көрермен үшін қиындық туғызады. 

Үшіншіден, фильмде Магдалина кірханасына тек Биллдің жеке көзқарасы арқылы назар қойылады. Кей көрермен Магдалина орталықтарының бейнесі тым жұмсақ көрсетілген деген пікірді алға тартады.   

НЕЛІКТЕН КӨРУІМІЗ КЕРЕК?

"Small Things Like These" фильмін көруге бірнеше себеп бар. Атап айтқанда фильм адамгершілік, жанашырлық және моральдық шешімдер туралы терең ой салатын оқиғаға негізделген. Бұл қарапайым адамның қиын жағдайларға төтеп беруі және өзгелерге көмектесу үшін жасаған батыл әрекеті туралы шабыттандыратын оқиға. Фильмдегі оқиғалар ирланд жазушысы Клер Кигеннің аттас кітабына негізделген және 1980 жылдардағы Ирландияның әлеуметтік мәселелерін шынайы әрі әсерлі көрсетеді. Бұл көрерменді сол кезеңнің шындығымен таныстырып, ойлануға мүмкіндік береді. Өйткені дамыған мемлекет санатындағы кей елдің кешегі тарихындағы әйелге деген қоғам көзқарасын білу маңызды. Одан бөлек, әрине, Томас Шелби образымен кең танылған Киллиан Мерфидің қатысуымен түсірілген фильмдегі жаңа образымен танысуға таптырмас мүмкіндік. 

КІРХАНАДАҒЫ СҰМДЫҚ

Магдалина орталықтары XIX ғасырда «күнәһар» деп саналған әйелдерді түзету мақсатында құрылған. 1922 жылдан 1996 жылға дейін жұмыс істеген орталықтың мақсаты – әйелдерді еңбек пен дұға арқылы «күнәдан тазарту» деп жарияланған. Кірханаға көбіне некесіз жүкті болған әйелдер, қоғамдық нормадан ауытқығандар, кедейлер мен жетімдер түсті. Осылайша діни сенімді бүркенген орталық қызметкерлері мен билік өкілдері әйелдерді тегін еібек күші ретінде пайдаланды. 

Әйелдер кір жуумен, ауыр физикалық жұмыстармен айналысуға мәжбүр болды. Олар еңбегі үшін ақы алмады, ал кейде жылдар бойы орталықтан шыға алмады. Орталық қызметкерлері әйелдер мен қыздарға қатаң ережелер қойып, оларды азаптап, балаларын тартып алған. Некесіз туған балаларды анасының келісімінсіз шіркеудің немесе шетелдік отбасының қамқорлығына беріп отырған. Ал 1990 жылдары Магдалина орталықтарындағы зорлық-зомбылық фактілері туралы мәліметтер ашық жариялана бастады. 2013 жылы Ирландия үкіметі ресми түрде кешірім сұрап, зардап шеккендерге өтемақы төлеу бағдарламасын енгізді.  

Магдалина орталықтары адам құқықтарының өрескел бұзылғанын еске салады және қоғамдағы осал топтарды қорғау қажеттігін көрсетіп берді. 80 жылға тарта жұмыс істеген орталықта 56 мыңға жуық ирландық әйел құрбан болған. 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.