Шығыс Қазақстан облысында жол апаттарының саны күрт өсті. Өңірде жыл басынан бері 1 093 жол-көлік оқиғасы болған. Салыстырмалы түрде, 2023 жылы өңірде 443 жол апаты тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 847-ге жеткен. Кейінгі үш жылда 133 аса ауыр жол апатынан 180 адам көз жұмған.
“Апаттардың 87%-ы жеңіл көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады. Қаза болғандардың арасында 52 жүргізуші, 89 жолаушы, 34 жаяу жүргінші және 2 велосипедші бар. Оның ішіндегі бала саны – 22. Жолда 119 ер адам мен 58 әйел мерт болды. 94 ата-ананың қазасынан кейін 179 бала жетім қалды” , - дейді ШҚО полиция департаментінің өкілі.
Ішімдік ішіп рөлге отыратындар аз емес. 17 мас жүргізушінің кесірінен 21 адам, соның ішінде 1 бала көз жұмды. Биылдың өзінде мас күйде көлік жүргізген 1 160 жүргізуші жауапқа тартылып, оның 75-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды.