homepage
Фото: depositphotos.com

Алаяқтар жаңа айлаға көшті

06.12.2025, 10:01

Елде Aitu Passport қосымшасынан жіберілетін SMS-кодтарды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық жиілеп кетті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сценарий былайшп өрбиді: алаяқ адамға қоңырау шалып, оның атына «хат» келгенін айтады. Әңгімелесуші қандай хат болуы мүмкін деп ойланып қалған сәтте, қоңырау шалушы оны екі сағат ішінде жеткізуге болатынын айтып, келісімін сұрайды. Адам келіскен бойда SMS-пен келген кодты айтуды өтінеді.

Бұған дейін мұндай кодтар тек 1414 қызметтік нөмірінен келетін. Қазір қылмыскерлер Aitu экожүйесіндегі бірыңғай авторизация сервисі — Aitu Passport жіберген кодты сұрай бастады. Бұл сервис қашықтан тұлға сәйкестендіруге және құжаттарға қолтаңбаны онлайн қоюға қолданылады.

Код қолына тиген соң, алаяқтар сіздің жеке деректеріңізге жол ашады. Олар бұл деректерді несие рәсімдеуге, сіздің атыңыздан жалған хабар таратуға немесе өзге де заңсыз әрекеттерге қолдануы мүмкін.

Жеке мәліметті, ПИН-кодты, SMS-кодтарды және банк деректерін (CVV/CVC, жарамдылық мерзімі) ешкімге айтпауыңыз қажет.