Алматының Медеу аудандық соты Қайрат Қожамжаровтың туыстары иелік ететін компаниялардың мүлкін бұғаттады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Halyk Bank талабы бойынша “барлығы 2 627 160 208,63 теңге көлеміндегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік бұғатталды. Бұғатталған мүлікке “Ойл Снаб” Компаниялар тобы” ЖШС, “HILL Resources“ ЖШС, „HILL Invest“ ЖШС, „AvtoTechMas Ltd“ ЖШС, Дулат Қожамжаров пен Гүлназ Қожамжароваға тиесілі мүліктер кіреді, — делінген Медеу аудандық сотының қаулысында.
Дулат Қожамжаров – Қаржы полициясының экс-басшысы және бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың інісі. Forbes журналының мәліметі бойынша Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің қатарында. Ол елдегі ең ірі майлау материалдарын өндірушілердің бірі, өндірістік кешені Шымкентте орналасқан Hill Corporation компаниясына иелік етеді.
Ал, бұған дейін іздеуде жүрген Қайрат Қожамжаровтың Мәскеуден табылғаны туралы ақпарат қазақстандық БАҚ беттерінде жарияланған. Ол Ресей азаматтығын алған Қожамжаров Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің курстасы деген ақпарат бар.