Сенатор Геннадий Шиповских қазақстандық жастардың қарызға белшесінен батып жатқанына алаңдап, микрокредит беру тәртібін қатаңдатуды сұрады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ол заемды қазіргідей 18 жастан емес, 21 жастан бастап беруді ұсынды. Сенатордың сөзінше, бізде халықтың қаржылық сауаты төмен, ал оң, солын танып үлгермеген жастар үшін қарыз алудың түк қиындығы жоқ, бірнеше минутта жеке мәліметтерін енгізіп, салдарын ойланбастан алып алады. Бұл жағдай әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіріп, жастардың психологиялық жағдайына кері әсер етіп жатыр.
Сенатор мектептер мен колледждерге қаржылық сауаттылық пәнін енгізуді, сондай-ақ жастарға қарыз, құқықтық немесе психологиялық қиындықтар туындағанда тегін көмек көрсететін онлайн-платформа мен өңірлік орталықтар құруды ұсынды.
Бұған дейін қазақстандықтарға бірмезетте бірнеше банктен кредит алуға тыйым салынатыны хабарланған. 24 қарашадан бастап кредит алу талабы да қатаңдатылды.
Биыл Қазақстанда тіркелген микроқаржы ұйымдар саны 212-ге жеткен.