Қазан айынан бері теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін (9%-ға) нығайды. Ұлттық банк мұны сыртқы жағдайдың қолайлығымен, инвесторлар сенімінің артуымен байланыстырады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық банк әсер етуші сыртқы фактор ретінде мұнай бағасының барреліне 60 доллардан сатылуын да атап отыр. Сонымен қатар, АҚШ-та пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі әлемдік доллар индексінің әлсіреуіне, ал дамушы елдердің валюталарының күшеюіне ықпал еткен. Бұл шетелдік инвесторларды Қазақстан нарығына қайта тарта бастады.
Ұлттық банктың түсіндіруінше, теңгенің күшеюі ел ішіндегі бағаның өсуін тежеуге көмектеседі, себебі импорт үлесі жоғары болғандықтан сырттан келетін қымбатшылықтың әсері азаяды. Алайда, доллар қымбаттаса бәрі қымбаттап, арзандаса бағаның түспейтініне қазақстандықтардың “еті” үйреніп қалған сияқты.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша бүгін доллар бағамы тағы арзандап, 499 теңгеге дейін түсті.
.