homepage
Фото: gov.kz

Уран жобаларындағы ұлттық компания үлесі 75% дейін ұлғайтылмақ

04.12.2025, 12:25

Сенат алғаш оқылымда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін өзгерістерді мақұлдады. Пленарлық отырыста құжатты депутат Шәкәрім Бұқтұғұтов таныстырды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және уран қорларын тиімді басқару үшін уран саласындағы ұлттық компанияға барлау лицензияларын алуда басым құқық беру ұсынылады. Осы мақсатта мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасына түзету енгізіліп, ұлттық компанияға барлау мен өндіруге арналған аумақтар нақтыланады.

Бұқтұғұтовтың сөзінше, тікелей келіссөздер арқылы жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда жобада ұлттық компанияның үлесі кемінде 75% болуы тиіс. Қолданыстағы норма – 50%. Бұл өзгеріс стратегиялық активтерге мемлекеттік бақылауды күшейтіп, уран ресурстарын басқаруда ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталады.

Заң жобасында уран өндіру келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтатуға мүмкіндік беретін жаңа негіздер де қарастырылды. Оған 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша келісімшартта көрсетілген уран қоры толық игерілген жағдайлар, ұлттық компанияның үлесін 90%-ға дейін арттыруға кедергі келтіруі, сондай-ақ өндіру мерзімін ұзарту немесе қорды ұлғайтқанда уранды конверсиялау және байыту технологияларын локализацияламау немесе бермеу жатады.