homepage
Фото: gov.kz

Газ құбыры салынбаған, жол жөнделмеген: аудиторлар Жамбыл облысындағы біраз мәселені анықтады

04.12.2025, 12:37

Жамбыл облысына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы өңірдегі бірқатар жүйелі проблемаларды көрсетті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2020–2024 жылдары облыс бюджетінің республикалық трансферттерге тәуелділігі орта есеппен 80 пайызға жеткен. Осы кезеңде трансферт көлемі 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін өсіп, 51 пайыз ұлғайған.

Жоғары палаталы аудиторлар 38 млрд теңгеден астам қаржының игерілмей қалғанын анықтады. Мемлекеттік сатып алу саласында да заңсыздықтар тіркелген: Тараз қаласының құрылыс және ТКШ бөлімдері келісімшарттарды «Қызметтік пайдалану үшін» грифімен ерекше тәртіппен жасасып келген, бұл адал бәсекелестікті шектеген. Аудиторлар аффилиирленген компаниялармен келісімшарт жасалған фактілерді де анықтады.

Мысал ретінде, биыл маусымда Тараздың ТКШ бөлімі қала ішілік жолдардың орташа жөндеуіне арналған екі жоба үшін 537 млн теңгеден астам қаржыны төлеген, бірақ 70 күн өтсе де жұмыстары басталмаған.

Тағы бір айқын мысал – Шу ауданындағы 18 елді мекенге газ жеткізуге арналған тармақтық газ құбырының құрылысы. Нормативтік мерзімі 2 жыл болса да, жоба 6 жылдан бері аяқталмай келеді. Соның салдарынан 8,2 млрд теңге тиімсіз игеріліп, жоғары бюджетке кері қайтарылды.