Ақтөбе облысында "Авиажөндеу зауыты №406" кәсіпорнының бұрынғы басшысына қатысты бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап Juzmedia.kz хабарлайды.
Тергеу дерегінше, күдікті қызметтік өкілетін пайдаланып, әуе кемелерін жөндеуге арналған материалдық құндылықтарды заңсыз есептен шығару схемасын ұйымдастырған. Фирмалары арқылы МИ-2 тікұшақтарына, АН-2 ұшақтарына және қозғалтқыштарға арналған агрегаттар мен бөлшектерді жалған сатып алу рәсімделген.
Құжаттарда бұл бөлшектер қоймадан шығарылып, күрделі жөндеу кезінде орнатылғандай көрсетілген, бірақ іс жүзінде қолданылмаған. Кейін олардың пайдалануын формалды түрде растайтын есептен шығару актілері бекітілген.
Мемлекетке келтірілген шығын 110 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктінің екі пәтері мен жер теліміне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Агенттік ҚПК-нің 201-бабына сәйкес қосымша ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.