homepage
Фото: ашық дереккөзден

Ұлытауда су мәселесіне 1,8 млрд теңге бөлінді

04.12.2025, 09:02

Үкімет резервінен Ұлытау облысындағы су инфрақұрылымын жаңғыртуға 1,8 млрд теңге бағытталды. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаражат Жезқазған қаласының 1966 жылдан бері жұмыс істеп тұрған шаруашылық-ауыз су тазарту кешенін реконструкциялауды аяқтауға жұмсалады. Қазір жабдықтың тозу деңгейі 90 пайызға жеткен.

Үкіметтің мәліметінше, нысанда 4 шақырым инженерлік желі тартылды, трансформаторлық қосалқы стансалар мен тарату құрылғылары салынды. Ауыз суға арналған төрт резервуар жаңартылып, пайдалануға берілді. Сорғы жабдығы толық ауыстырылды. Бөлінген қаражат құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтауға мүмкіндік беріп, нысан 2026 жылы іске қосылады.

Жезқазғандағы жаңғырту жұмыстары ел бойынша ауыз суға қолжетімділікті арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі ретінде жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сапалы суға қолжетімділік қалаларда 99,4 пайызға, ауылдарда 98 пайызға жетті. 2025 жылы осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында республикалық бюджеттен 257 жобаға 105,7 млрд теңге қарастырылған. Бұған қоса, Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 229 жобаға 135,8 млрд теңге бөлінді.

Үкімет қаражаттың мақсатты әрі уақтылы игерілуін бақылауға алынатынын хабарлады. Сонымен қатар Ұлытау облысының бюджеті қосымша 30 млрд теңгеге ұлғайды.