homepage
Фото: ашық дереккөзден

Елдегі әуежайларды ауқымды өзгеріс күтіп тұр

03.12.2025, 17:25

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласындағы мәселелерді сынға алып, әуежай қызметтерінің тарифін көтеруді тапсырды деп хабарлайды Juzmedia.kz

Мемлекет басшысы тарифтерді ұзақ уақыт тежеп ұстау инфрақұрылымның тозуына әкелгенін айтты. Өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңесте президент  өткізд әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын анықтап, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керектігін айтты.

“Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға аса құлықты емес. Себебі елімізде инфрақұрылым дайын емес. Соның салдарынан транзиттік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз”, деді Тоқаев. 

Бұдан бөлек, Тоқаев жақында құрылатын Ұлттық жүк тасымалдаушы авиакомпаниясын қолдауды, ішкі нарықта авиатопливо тапшылығын шешуді міндеттеді. Үкіметке үш жыл ішінде авиаотын өндірісін ұлғайтып, импортты әртараптандыру тапсырылды.

Президент сондай-ақ авиациядағы цифрландырудың баяу екенін сынға алып, саладағы кадр тапшылығын шешу үшін үкіметке мамандар даярлау жүйесін шұғыл реформалауды жүктеді. Тоқаев транспорт-логистика саласы өзінің жеке бақылауында болатынын ескертті.