“Ит өлген, ит емес-ау кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып май өндірген. Жаңа Зеландиядан май тасу ұят қой. Ал біздің өндірісіміз тоқтап тұр. Балтық жағалауынан май тасимыз. Май өндірген қазаққа отандық өндірісімізді қолдамай сырттан делдалдардың көмегімен сары май тасу - сорақылық”. Осылай деп ашына сөйлеген мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи нарықта шетелдік азық-түліктің тым көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалармен салынған кәсіпорындар жарты қуатында ғана жұмыс істеп тұр, ал нарықты Ресей мен Беларусьтің өнімдері жаулап алған..
««Самұрық-Контракшн» компаниясы мемлекеттік несие салдырған құрылыс зауыттары банкрот болудың алдында тұр. Оларда айналым жоқ. Үкіметте тұтас ұстаным жоқ. Осы орайда мемлекеттік бағдарлама қажет деп ойлаймын. Мемлекеттің ұстанымы қандай? Не істеп жатыр? — деп сұрады депутат вице-премьер Қанат Бозымбаевтан.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев мемлекет қанша қолдау көрсетіп отырғанмен, отандық өндірушілер ішкі сұранысты толық қамти алмай жатқанын жеткізді.
Бозымбаев 2024 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілгенін еске салды. Енді отандық өндірушілердің бірыңғай электрондық тізілімі жасалып, сол тізімге кірген компаниялар «Самұрық-Қазына» және мемлекеттік органдардың сатып алуында басымдыққа ие болады.