homepage
Фото: gov.kz

Сұйытылған газ тапшы

03.12.2025, 12:41

Елде сұйытылған газдың тапшылығы байқалады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл ішкі нарыққа арналған өндіріс көлемі 1,7 млн тонна болса, елдегі сұраныс 2,2 млн тоннаға жеткен. Осылайша тапшылық деңгейі 23% шамасында, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрлік мұның себебін автогазға сұраныстың күрт өскенімен байланыстырып отыр. Қазақстанда сұйытылған газ бағасы көрші елдермен салыстырғанда арзан: литрі 72–112 теңге.

  • Ресейде шамамен 190 теңге;
  • Әзербайжанда 200 теңге;
  • Тәжікстанда 325 теңге;
  • Өзбекстанда 421 теңге;
  • Түрікменстанда 394 теңге;
  • Қырғызстанда 160 теңге.

Бұл Қазақстан газын шекара асыруға деген тәуекелді күшейтіп отыр.

Сонымен бірге министрлік сұйытылған газ тек отын емес, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісіне қажет маңызды шикізат екенін еске салады. Мұнайхимия саласына салынған әрбір доллар экономикаға екі-үш доллар пайда әкеледі, ал бір жұмыс орны жеті қосымша жұмыс орнын қалыптастырады. Газды терең өңдеу нәтижесінде соңғы өнімнің құны 20 есеге дейін өседі.

Министрлік тапшылықты шешу және мұнай-газ химиясы инвесторларын отынмен қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер әзірлеп жатыр. Жаңа нормаларға сәйкес, инвестжобаларға жеткізілген газдың кемінде 70 пайызы пропан-пропилен және бутан-бутилен фракциялары басым шикізат ретінде мұнайхимия өнімдерін өндіруге пайдаланылуы тиіс.