«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Өрлеу» бағдарламасы аясында Қазақстанда алғаш рет цифрлық теңгемен несие берді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жеңілдетілген қаржыландыру жылдық 12,6 пайызбен Halyk Bank арқылы рәсімделді. Алғашқы клиент – павлодарлық кәсіпкер Виталий Кремберг. Ол үй жануарларына арналған гигиеналық толтырғыш шығаратын өндіріс орнын салып, әрі қарай құрылыс, ауыл шаруашылығы және экология бағыттарында қолданылатын абсорбент өндіруді жоспарлап отыр.
Цифрлық теңгемен берілетін несие онлайн рәсімделуімен және қаражаттың тез түсуімен ерекшеленеді. Сонымен қатар салықтық тексерістер болмайды, ал ҚҚС қайтару мерзімі бұрынғы 55–75 күннен 15 жұмыс күніне дейін қысқарады.
«Даму» қоры цифрлық теңгені қолдану мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыратынын және бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылауды жеңілдететінін атап өтті. Ұлттық банк өкілдері бұл механизм алдағы уақытта мемлекеттік төлемдер мен субсидиялауда кеңінен қолданылатынын айтты.
Кәсіпкер алған 250 млн теңгені жабдық сатып алуға, өндірістік ғимарат салуға және жер телімін алуға жұмсамақ. Жоба іске қосылғаннан кейін алғашқы жылы 10-ға жуық жұмыс орны ашылады. Өндіріс қуаты жылына 1200–1400 тонна өнімге жетеді деп жоспарланған.
Цифрлық теңгемен несие «Өрлеу» бағдарламасы аясында беріледі. Қатысқысы келетін кәсіпкерлер Halyk Bank, BCC, ForteBank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Freedom Bank, Nurbank, RBK Bank және KZI Bank арқылы өтінім тапсыра алады.