homepage
Фото: shutterstock.com

8000-10000 теңге: ұялы байланыс тағы қымбаттайды

03.12.2025, 10:08

Қазақстанда ұялы байланыс қызметі тағы қымбаттайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Бірнеше байланыс операторлары жаңа жылдан бастап өз қызметінің құнын көтеруге мәжбүр екенін хабарлады. Мысалы, Beeline байланыс бір айдан соң тарифтерді 15–20% көтеруді жоспарлап отыр. Осылайша, қазіргі 5 999 теңгелік тариф шамамен 6 899–7 199 теңгеге, ал 7 999 теңгелік тариф 9 199–9 599 теңгеге дейін өседі. Бағаның өсетіні туралы хабарлама абоненттерге 30 күн бұрын жіберіледі. 

Ал, Tele2 мен Altel 2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап абоненттік төлемдерді қайта қарауды жоспарлап отыр. Компания басшылығы тарифтің өсуін интернетке деген сұраныс өсіп барады, оған сай инфрақұрылымды жаңғыртып отыруымыз қажет, бұл қосымша қаржы талап етеді деп түсіндіреді. Осылайша, бұл байланыс операторы ұсынатын 4 632 теңгелік тариф 5 327–5 558 теңгеге, 5 992 теңгелік тариф 6 891–7 190 теңгеге, 9 192 теңгелік Unlim тарифі 10 571–11 030 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

Kcell әзірге тарифтерді көтеру жөнінде шешім қабылдамағанын мәлімдеді. Қандай да бір шешім қабылданса, абоненттер алдын ала хабарланатынын айтты.

Операторлар тарифтің өсуіне электр қуаты шығынының артуы,  валюта бағамының құбылуы, өзгерген салықтың салмағы себеп болып отыр дейді. 

Ең негізгі фактор — интернет-трафиктің соңғы тоғыз жылда 36 есе артуы. Компаниялар желіні кеңейтуге, базалық станциялар мен дата-орталықтар салуға және желінің тұрақтылығын арттыруды абоненттер есебінен өндірмеске амал жоқ дейді.