Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен бес сағатқа созылған келіссөз жүргізді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кездесу Украинадағы соғысты ұзақ мерзімді реттеу тақырыбына арналды. Ресей тарапынан президент көмекшісі Юрий Ушаков пен Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысса, америкалық делегацияда Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер болды.
Кремль кездесу туралы ақпаратты 19:45-те жариялады, ал келіссөз түнгі 1 шамасында аяқталды. Осы уақыттан кейін Уиткоффтың АҚШ елшілігіне келген сәтін түсірген видео әлеуметтік желілерде тарады.
К.Дмитриев келіссөздерді нәтижелі деп бағалады. Юрий Ушаков та әңгімені пайдалы әрі мазмұнды өтті деп сипаттап, Ресей мен АҚШ экономикалық ынтымақтастығының мүмкіндіктері де талқыланғанын айтты. Оның сөзінше, тараптар Украина бойынша ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізу үшін жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірген.
Ушаков Путин АҚШ-тың Украина жөніндегі жоспарының кейбір тұстарын қабылдауға болатынын, бірақ Мәскеу сын айтып отырған мәселелер де бар екенін жеткізгенін мәлімдеді. Америкалық ұсыныстардың бір бөлігі «қолайлы» көрінетіндіктен, оларды талқылау мүмкін екені атап өтілді. Алайда әзірге ортақ нұсқаға келінген жоқ.
Келіссөз алдында Уиткофф, Дмитриев және Кушнердің Қызыл алаңда жүрген видеосы жарияланған. Бұл Уиткоффтың биыл Мәскеуге алтыншы сапары. Осы жолы ол Путинге АҚШ әзірлеген бейбіт жоспарды таныстырады деп күтілген еді.
Осы күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл кездесуді Украина қақтығысын бейбіт жолмен шешуге жасалған маңызды қадам деп атады. Ал Кирилл Дмитриев әлеуметтік желідегі жазбасында Трамптың Газадағы бейбіт келісімін әзірлеген топ Мәскеуге келіп, енді Украина бойынша жоспарды ілгерілетуге ниетті екенін жазды.
Бірқатар ақпарат құралдары Дональд Трампқа «Мәскеудегі келіссөздерден серпіліс күту керек пе?» деген сұрақ қойылғанда оның нақты болжам айтпағанын, бірақ басты мақсаты қаза болып жатқан мыңдаған адамды аман алып қалу екенін жеткізгенін жазды.
Путин мен Уиткоффтың кездесуі бастапқыда 2 желтоқсанға жоспарланған болатын. Бұған дейін арнайы өкілдің Мәскеуге келгені және Кремльде Путиннің оны қабылдағаны хабарланған еді.