Соңғы күндері АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге қосылғанын әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Кеше ғана Кремльге келіп кеткен 44 жастағы Трамптың туысы туралы нені білуіміз керек?
Джаред Кушнер 1981 жылдың қаңтарында Нью-Джерси штатында, ауқатты еврей отбасында өмірге келеді. Әуелі Гарвард, сосын Нью-Йорк университетіне түсіп, тәмамдайды. 2005 жылы оның әкесі Чарльз Кушнерге салықтан жалтарды деген айып тағылып, бір жыл түрмеге жабылғанда отбасылық компанияға иелік етіп қалады. Бұл сәтте ол небәрі 20 жаста болатын.
2007 жылы ол Дональд Трамптың үлкен әрі ең сүйікті қызы Иванка Трамппен танысып, 2009 жылы Иванка иудаизм дінін қабылдаған соң отбасын құрады. Дональд Трамп күйеу баласын бірден жылы қабылдап, араларында берік сенім қалыптасты. Ол 2016 жылы қайын атасының сайлауалды кампаниясында негізгі кеңесшілердің біріне айналып, әлеуметтік желідегі үгіт жұмыстарын сауатты жүргізді. Ал, Трамп өз кезегінде Ақ үйдің басшысы атанғанда, Кушнердің бұл жұмысын жоғары бағалап, өзінің аға кеңесшісі етіп тағайындады.
Осы аралықта ол саяси келіссөздерге қатыса бастады. Мысалы, 2020 жылы Израиль мен бірқатар араб елдерінің қарым-қатынасын қалыпқа келтірген «Авраам келісімдерін» жасауға белсене қатысады. Бұл еңбегі үшін ол тіпті 2021 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылады. Жақында Таяу Шығыста жүргізген дипломатиялық жұмысының арқасында Израиль мен ХАМАС арасында келісім жасалды.
Енді міне, оның Украина жөніндегі келіссөздерге шешуші сәтте тартылуы Трамптың тарапынан туындаған қалтқысыз сенімнің айғағы болса керек. Екеуін ортақтастыратын дүние көп, айырмашылығы да жоқ емес. Кушнер мен Трамп миллионер әулеттің мұрагерлері. Екеуінің әкелері түрлі айыптаулардан көз ашпаған даулы тұлғалар. Ал, Трамппен салыстырғанда Кушнер сабырлы, аз сөйлейді, әлеуметтік желіде отырмайды.
Қалай дегенмен, Кушнердің Ақ үйдегі ықпалы күшейіп келеді. Ол Украина келіссөздерінде мемлекеттік хатшы Марко Рубионы шететті, енді жуық арада арнайы өкіл Стив Уиткоффтың орнын басуы мүмкін деген болжам ел арасында есіп жүр.
Келіссөздердің қалай аяқталарына қарамастан, біз қызыға да, қызғана қарайтын бір жәйт бар – «жұрттың күйеу баласы» жарап тұр.