homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Екі ай уақыттарыңыз бар: Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға құлаққағыс

02.12.2025, 16:28

Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар үшін елден ерікті түрде шығуға мүмкіндік беретін бағдарламаның мерзімі ұзарды. Отандастарымыз бұл мүмкіндікті 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпан айына дейін пайдалана алады. Яғни, екі ай ішінде өз еркімен елден шыққан қазақстандықтар ешқандай айыппұл төлемейді әрі таңғы шық еліне қайта кіруге тыйым салынбайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Кореяның Әділет министрлігі осылай деп келісті. 

Бірақ, бұл жеңілдікті осы елде қандай да бір қылмыс жасаған қазақстандықтар, мәжбүрлі түрде шығарылатын тұлғалар мен 2025 жылдың 1 желтоқсанынан кейін елге заңсыз кірген азаматтар қолдана алмайды. 

Бұл бағдарламаға қатысу үшін паспорт, өтініш және әуе билеті қажет. Ұшуға 3–15 күн қалғанда Кореяның иммиграциялық кеңселеріне апарып тапсыру керек. 

Бұған дейін салалық министрлік Оңтүстік Кореяда жүрген 15 мың қазақстандықтың 11 мыңы елге заңсыз келгенін хабарлаған. 

Еңбек министрлігі шетелге жұмысқа шығуды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға лицензияланған агенттіктерге жүгініп немесе мемлекеттік бағдарламалар аясында рәсімделіп, жұмыс берушілердің нақты ресми хабарландыру алған соң ғана жиналуға кеңес береді.