Павлодар облысының әкімі Асайын Байхан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылған адамның туған әпкесі екенін растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аймақ басшысы жағдайға қатысты:
«Барлық азаматтар заң алдында тең. Менің әпкем де, отбасының басқа мүшелері де бұл қағидаттан тыс емес», деп пікір білдірді.
Осыдан тура бір ай бұрын полиция патрульі Hyundai Tucson көлігін тоқтатып, оны тізгіндеген әйел адамның ішімдік ішкенін анықтаған. Іс сотқа жөнелтіледі. Айгүл Байхан көлікті жүргізбей, жай отырғанын айтып ақталғанмен, сот оның сөзіне иланбады. Судья Елубай Серікпаев әкімнің әпкесін 15 тәулікке қамап, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
Ал, желі қолданушылары болса, Павлодар облысы әкімінің бұл әрекетін қолдап, “үлгілі әкім”, “әкімдердің бәрі осындай әділ болса, әлдеқашан дамып кетер едік” деген пікірлер қалдырған.