Қазақстанда электр энергиясына арналған шекті тарифтер 2026 жылдан бастап жеті жыл бойы өзгеріссіз қалады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Энергетика министрінің тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қазіргі тарифтер 2018 жылы бекітілген және 2025 жылдың соңына дейін қолданыста болады.
Министрлік құжатта биыл 8 қазанда Президент төрағалығымен өткен кеңесте инфляциялық тәуекелдер мен экономикадағы теңгерімсіздіктер талқыланып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету тапсырылғанын атап өтеді. Осыған байланысты электр энергиясы бағасының 2025 жылғы деңгейінде бекітіліп қалуы мақұлданған.
Жобаға сәйкес, 2026–2032 жылдарға арналған шекті тарифтер 2025 жылғы мәндерде сақталады. Ведомствоның хабарлауынша, бұл шешім бірыңғай сатып алушы үшін бағаның өзгеруіне әкелмейді, өйткені тарифтер қазіргі деңгейде тұрақтандырылады.
Жаңа тарифтер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.