Ақтөбеде 10-сынып оқушысы 30 қарашада үйінен шығып, қайта оралмаған. Іздеу жұмыстарына еріктілер, полиция, құтқарушылар және әскери қызметшілер жұмылдырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жасөспірім моншада жұмыс істейтін досына көмектесуге кеткені айтылған.
Полиция 16 және 27 жастағы екі адамның жоғалғанын мәлімдеп, іздеуге қосымша күш қажет екенін хабарлаған. Құтқару шараларына дрондар, кинологтар, сүңгуірлер және арнайы жүзу құралдары пайдаланылды.
Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметінше, сүңгуірлер кеше өзеннен жоғалған оқушының денесін тауып, судан шығарды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияға тапсырылды.
Бүгін құтқарушылар дрон көмегімен 1998 жылы туған екінші адамның денесін тапты. Ол өзен жағасынан шамамен 30 метр жерде жатқан.
Полиция өкілдерінің айтуынша, іздеу кезінде өзен жиегінен жоғалғандардың ұялы телефондары табылған. Екі денеде де зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. Тергеу амалдары жүріп жатыр, оқиғаның нақты мән-жайы анықталатын болады.