homepage
Фото: Depositphotos.com

Автолизинг тиімді ме? Үкімет түсіндіріп берді

02.12.2025, 12:07

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап автокөлік лизингке беріле бастады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі автолизингтің автонесиеден айырмашылығын айтып берді. 

Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың сөзінше, лизингтің басты ерекшелігі — көлік толық төленгенге дейін лизинг компаниясының меншігінде қалады. Лизинг алушы көлікті пайдалана отырып, қажет болған жағдайда компанияға барып, басқа көлікке ауыстыра алады. Панбаев екінші артықшылық ретінде лизинг туралы мәліметтердің несие тарихына тікелей әсер етпейтінін атап өтті. Яғни, лизинг шарты несие тарихында қарыз ретінде көрінбейді.

«ForteLeasing» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Саят Үрпежанов автолизинг бойынша алғашқы пилоттық жобаның сәтті өткенін айтады. Көлік 10 пайыз бастапқы жарнамен, 15 пайыз мөлшерлемемен үш жылға берілді. Ол халықаралық тәжірибеде автолизинг жарнасыз берілетінін,  пайыз мөлшерлемесі де әлдеқайда төмен екенін айтып, мұндай шарттарды Қазақстан қарастырып жатқанын жеткізді. 

Сондай-ақ, автолизинг бойынша бірқатар жаңа ұсыныстар түсіп, Үкіметпен, салалық қауымдастықтармен бірге қаралып жатыр деді ол.