homepage
Фото: Depositphotos.com

Тек КҚК емес: Қазақстан мұнайды қалай тасымалдап жатыр

02.12.2025, 11:42

Каспий Құбыр Консорциумы қайтадан қауіп аймағына айналған сәтте Қазақстан мұнай тасымалының балама бағыттарын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS-ке сілтеме жасап.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Каспий арқылы танкерлік жөнелтілімдер жалғасуда. Мұнай Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры арқылы Еуропаға жетеді. Биыл осы бағытпен экспорт көлемін 1,7 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған (2024 жылы — 1,4 млн тонна). Әзербайжан тарапы жеткізілімді кезең-кезеңімен арттыруға дайын екенін білдірген. Қазір ҚазМұнайГаз бен ірі мұнай жобаларының акционерлері бұл бағыттағы транзит көлемін ұлғайту жоспарын әзірлеп жатыр.

2023 жылдың ақпанынан бері қазақстандық мұнай Германияға да жеткізіліп келеді. Rosneft Deutschland компаниясына арналған шикізат «Дружба» жүйесі арқылы Шведт зауытына тасымалданады. 2024 жылы осы бағытпен 1,5 миллион тонна мұнай жөнелтілген.

Сонымен бірге Қытай бағыты да күшейіп келеді. Өткен жылы қытайлық құбырлар арқылы 1,2 миллион тонна мұнай экспортталды.

Министрлік басты мақсат — Қазақстан мұнайының шетелдік серіктестерге тұрақты әрі үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету дейді. 

Еске салайық, КҚК-на пилотсыз қайықпен жасалған шабуылдан кейін ВПУ-2 айтарлықтай зақымданып, істен шыққан. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайының 80% тасымалданады.