Астанада полиция әлеуметтік желілерде мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарын қорлайтын сөздер айтылған видеоны таратқан блогерді ұстады, деп хабарлайды Juzmedia. Бұл ақпаратты полиция растады. Әлеуметтік желілерде тараған видеода блогер балалардың мүгедектігін «жүргіштіктің салдары», «рухани жазалау» секілді түсініктермен байланыстырған. Бұл сөздер ерекше балалардың ата-аналарының ашу-ызасын тудырды.
Балалар омбудсмені Динара Закиева ІІМ-ге жүгініп, блогердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады. Астана қаласы полиция департаменті әкімшілік іс қозғады. «Жарияланған контент авторы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ұсақ бұзақылық бабы бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», — делінген хабарламада. Полиция әлеуметтік желіде өзгені қорлайтын контент тарату заңмен жазаланатынын ескертеді.
Бұған дейін “Мүгедектерді онсыз да Алла жазалады” деген сөзі үшін сынға қалған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов бұл сөзі үшін көптен кешірім сұрап құтылған.