homepage
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда егістік пен шаруашылыққа арналған суға жаңа тариф бекітілді

02.12.2025, 11:06

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап суару арналары арқылы берілетін техникалық суға арналған тарифтер жаңартылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Республикалық деңгейде негізгі жеткізуші саналатын «Қазводхоз» әр тұтынушыға бөлек тариф белгілеген. Өнеркәсіп орындары механикалық тәсілмен берілетін суға ең қымбат баға — 98,702 теңге төлейді. Электр станциялары үшін тариф 68,782 теңге. Шаруалар табиғи ағымдағы суға 1,050 теңге төлесе, су көтеру техникасы қолданылса баға 39,907 теңгеге дейін өседі. Кәсіпорын бойынша орташа тариф 4,014 теңге.

Өңірлерде баға айырмасы одан да алшақ. Түркістан облысында кей қожалықтар судың әр текше метрін 4,5 мың теңгеден сатады. Ал сол облыстағы басқа кәсіпорында баға 0,13734 теңгеге дейін төмен. Павлодар облысында суару суы 16,85 – 41,543 теңге аралығында. Алматы облысында тариф 0,144 –19,09 теңгеге дейін құбылады.

Сарапшылар мұны су арналарының тозуы, су көтеруге кететін электр шығыны және шалғай елді мекендердегі тұтынушы санының аздығымен байланыстырады. Көп өңірде тариф уақытша бекітіліп, 2026 жылдың күзіне дейін ғана қолданылмақ.