1 желтоқсан СПИД-ке қарсы Халықаралық күрес күні. Осыдан 40 жыл бұрын анықталған дерттің емін адамзат әлі де таба алар емес. Сондықтан, күресіп келеді. Бұл күрестің басында тұрған UNAIDS Global ұйымының 2030 жылға қарай індеттің бетін қайтару туралы жоспары жүзеге аспайтын секілді. Себебі неде және дертпен күресте Қазақстан билігінің қауқары жете ме? Juzmedia жауап іздеп көрді.
АҚ ҮЙДЕ АЙТЫЛҒАН ҮКІМ
Биыл жазда UNAIDS Global ұйымы ВИЧ-пен күрес жөніндегі өз есебін жариялап, қауіпті болжаммен бөлісті. 16 беттен тұратын есепте жаһан бұл індетпен күресте дағдарысқа тап болатыны айтылады. Қазір әлемде бұл дертпен 40 млн адам өмір сүріп жатыр. Егер елдер індетпен күрестің жаңа әдістеріне көшпесе алдағы бес жылда бұл көрсеткіш тағы 6 млн артуы мүмкін дейді сарапшылар.
Олардың бұлай деп дабыл қағуының жалғыз болмаса да, негізі себебі бар - ол қаржыландырудың күрт тоқтауы. Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралғанда, халықаралық ұйымның қызметіне күмән туғызып, қаржыландыруды тоқтатқан. Осылайша әлемде 2,5 млн науқас инфекцияның таралуын тоқтататын антиретровирустық терапия алу мүмкіндігінен айырылды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ
Ақ үйдегі бұл шешім Қазақстанға қалай әсер етті? Жыл басынан бері Қазақстанда ВИЧ профилактикасымен айналысып келген ондаған үкіметтік емес ұйым қызметін тоқтатты. Осылайша енді азаматтық сектордың бұл бағыттағы жұмысы жергілікті биліктің мойнына жүктелді. Мұның соңы неге апарып соғарын әрине бәрі сезеді, сескенеді де...
Енді сандар былай дейді: Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны 40 мыңнан асады. Науқастардың 70% еркек, қалғаны әйелдер. Олардың басым бөлігі жұмысбасты, 20-39 жас аралығындағы азаматтар. Жыл басынан бері он қазақстандық осы дерттен көз жұмған...
МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮМКІНДІГІ
Өскемендік белсенді Вадим Антипин 20 жылға жуық ВИЧ инфекциясын жұқтырған жандармен жұмыс істеді. Бұл дертті жұқтырғанын білген адамдар оны қабылдаудың бірнеше сатысынан өтеді. Осындай сәттерде Вадим Антипин талайлардың жанына табылған, қолдаған.
«Біз туысқандарымен байланыстық, жыныстық қатынаста болғандармен немесе бірге есірткі қабылдағандарды тауып, сөйлестік. Терапия туралы, оны қайдан, қалай алу керектігі туралы ақпарат бердік. Яғни, психологиялық, медициналық, әлеуметтік демеу көрсеттік. Кейін терапияны уақытында қабылдауын қадағаладық», дейді Антипин. Алайда, жылдың басында ол жұмыс істейтін ұйым жабылды.
Антипиннің айтуынша, бұл жұмысты мемлекет өзі атқара алады. Алайда, мемлекет бұл мәселеге тек медициналық тұрғыдан қарап, әлеуметтік аспект кейінгі ысырыла ма деген қауіпін жасырмайды. Белсенділердің бұл ретте бизнестен дәмесі болған, батыс елдеріндегі секілді қаржыландыру тоқтап, ҮЕҰ бірінен соң бірі жабылып жатқанда кәсіпкерлер көмек қолын соза ма деген. Алайда, біздің бизнес мойынын да бұратын емес, ал дәл осы қаржы мәселесі мемлекеттің қолын байлауы мүмкін дейді белсенділер.
«Қазақстанда АРВ-препараттар тегін тағайындалады. ВИЧ анализін тапсыру да тегін. Алайда, қазақстандықтар көбіне емнен бас тартады. Бақылаудан қашып, тығылып, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді» дейді, АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы директорының міндетін атқарушы Денис Панченко.
95-95-95
UNAIDS Global ВИЧ эпидемиясымен күресте 95-95-95 жаһандық стратегиясын қабылдаған. Бұл:
Бұл талап тұрғысында мемлекет бар күшін сарп ете ме? Мәселе осында.