homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

«Шетелде оқытамыз» деп астаналықтарды 152 млн теңгеге алдап соққан орталық жетекшісі сотталды

01.12.2025, 16:28

Елордада шетелде оқуға түсіруді және халықаралық сертификат беруді уәде еткен білім беру орталығының жетекшісі 52 азаматтың жалпы 152 млн теңгесін иемденгені анықталды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады деп жазады Juzmedia.kz.

Кәсіпкер әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарнама жариялап, Еуропаның жоғары оқу орындарына орналастыруды, тілдік сынақтан бір жылға босататын халықаралық сертификат беруді уәде етіп, азаматтарды курстарға жаздырған. Алайда уәде етілген құжаттар берілмеген, шетелге оқуға түсу де жүзеге аспаған. Компанияда мұндай қызмет көрсетуге қажетті халықаралық аккредитация да болмағаны анықталды.

Жәбірленушілердің бірі баласын Еуропада оқыту мақсатында сертификат алмақ болып 3 млн теңгеге жуық қаржы жұмсапты. Тергеу кезінде айыпталушының шарттарды орындауға еш мүмкіндігі болмағаны, келісімшарттарды азаматтарды алдау мақсатында жасағаны және алынған қаражатты жеке қажетіне жұмсағаны дәлелденді. Ол өз кінәсін мойындамады.

Сот үкімімен айыпталушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды және 7 жылға білім беру саласындағы қызметпен айналысу құқығынан шеттетілді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды. Прокуратура мұндай алаяқтық әрекеттер үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.