homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қостанай облысында мердігердің салғырттығынан бюджетке 112 млн теңге қайтарылды

01.12.2025, 15:40

Жітіқара ауданының прокуратурасы бюджеттік жобаларды іске асырудағы заңбұзушылықтарды тексеріп, мердігер өз міндетін орындамаған жағдайда қолданылуы тиіс шаралардың дер кезінде қабылданбағанын анықтады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2022 жылы ауданның құрылыс бөлімі «Теплоэнергострой» ЖШС-мен Чайковское ауылын сумен жабдықтау желілерін салу туралы 880,8 млн теңгелік келісім жасаған. Мердігерге 107,4 млн теңге аванс төленіп, бұл қаражат сақтандыру компаниясында кепілдендірілген.

Алайда компания жұмысты орындамаған: 338,1 млн теңгенің жұмыс көлемі орындалмай қалды, аванс игерілмеді және өз еркімен қайтарылмады. Сақтандыру ұйымы да өтем төлеуден бас тартқан. Шарт біржақты тәртіппен бұзылғаннан кейін, прокурорлық акт негізінде сотқа талап арыз берілді. Сот шешімімен сақтандыру компаниясынан бюджетке 112 млн теңге толық өндірілді.

«Теплоэнергострой» бұған дейін де мемлекеттік сатып алуларға жіберілмей, одан 34 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілгені белгілі болды. Құрылыс бөлімі қызметкерлері жауапкершілікке тартылды.

Жобаны аяқтау үшін «Story Company Inc» ЖШС-мен жаңа келісім жасалды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық орындалып, техникалық құжаттар келісу сатысында.