Ұлттық банк желтоқсан айында бюджетке жоспарланған трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордан 500 млн-ға дейін долларға валюта сататынын мәлімдеді. Көлем Үкіметтің алдын ала берген өтінімдері мен күтілетін кірістерге қарай есептелген деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қарашада осы мақсатқа 600 млн доллар жұмсалған. Сонымен бірге айна операциялары арқылы 475 млрд теңге айналымнан шығарылды. Ұлттық банк қарашада валюта интервенциялары жасалмағанын хабарлады.
Айдың қорытындысы бойынша теңге 3,3 процентке нығайып, 1 доллар 512,57 теңгеге дейін түсті. Реттеушінің айтуынша, алдағы уақытта теңге бағамы нарықтағы күтулерге, компаниялардың тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтағы жағдайға және геосаяси өзгерістерге тәуелді болады.