homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Жеміс-жидек нарығында қытайлық өнім көбейді

01.12.2025, 12:30

Қазақстанға Қытайдан әкелінетін мандарин мен апельсин көлемі айтарлықтай өсті. Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында елге 100,9 мың тонна цитрус жеткізілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2% көп. Импортқа жұмсалған қаржы 49,7 миллион доллар  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

LS мәліметінше, Қазақстан сырттан 63,8 мың тонна мандарин сатып алған, өсім 23,5%. Негізгі үлес Қытайға тиесілі: 44,7 мың тонна, бұл былтырғыдан 1,6 есе көп. Пәкістаннан 13,2 мың тонна, Түркиядан 3,1 мың тонна әкелінген. 

Апельсин импорты 18,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Көбіне Мысыр мен Ираннан келетін бұл өнім бойынша биыл басымдық Қытайға ауысты: Қытайдан әкелінген апельсин көлемі 9,6 мың тоннаға жетіп, 41,4% артқан. Мысыр мен Иран бірге алғандағы көлем небәрі 5,4 мың тонна болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл Қытайдың негізгі жеткізушілерді нарықтан ығыстырып жатқанын көрсетеді.

Ал лимон мен лайм импорты керісінше төмендеді – 12,2 мың тонна. Соның 9,4 мың тоннасын Қытай жеткізгенімен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз. Түркиядан келетін көлем де қысқарды. Лимонды Өзбекстан, Ресей, Аргентина, ОАР және Тәжікстаннан тасымалдау артқан.

Помело мен грейпфрут импорты 6,4 мың тоннаға дейін азайды, оның 6,3 мың тоннасын Қытай қамтамасыз етті. Қалған аз бөлігі Түркия, Ресей және ОАР арқылы жеткізілді.

Қазақстан аз көлемде болса да, цитрус өнімдерін экспорттай бастады. Биыл тоғыз айда сыртқа 7,7 мың тонна өнім шығарылды, бұл былтырғыдан 2,6 есе көп. Экспорттан түскен табыс 1,9 миллион долларға жеткен. Мандарин, грейпфрут, помело және лимон негізінен Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанға жөнелтілді.