homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Экология министрлігі vs NCOC: айыппұл дауы басылар емес

01.12.2025, 12:04

Экология министрлігі Қашаған операторына қатысты 2,3 трлн теңге айыппұл мәселесіне әлі де нүкте қойылмағанын мәлімдеді. Сот шешіміне қарамастан, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы анықталған заңбұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босамайды, деп хабарлайды ведомство. 

Қашаған кен орнын игеріп жатқан операторға қатысты дау 2023 жылдың көктемінде басталған. Атырау облысының экология департаменті Қашаған операторы қоймада 1 млн тонннадан асатын күкіртті артық сақтағанын анықтап, нәтижесінде Экология министрлігі компанияға 2,3 трлн теңге айыппұл салған болатын. Компания бұл қаулымен келіспей, Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне шағым түсірген. 

Кейін Астанадағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Атырау облысының экология департаменті қаулысының күшін жойып, оны рәсімдік қателіктермен байланыстырған. Қазір Атырау облысының экология департаменті рәсімдік қателіктерді түзеп, кассациялық инстанцияға шағым жолдаған. Министрлік даудың рәсімдік бөлігі қайта қаралып жатқанымен, экологиялық заңбұзушылыққа қатысты талаптың күшінде қалады деп отыр. 

​2016 жылдан бері мұнай өндіріліп жатқан Қашаған – әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Мұндағы мұнай қоры 13 млрд баррельге жетеді деген болжам бар. Кен орнын бірнеше инвестордың басын қосқан корсорциум игеріп жатыр.