Оңтүстік-Шығыс Азияда жойқын су тасқыны мен жер көшкіні салдарынан Индонезия, Таиланд және Шри-Ланкада 800-ден астам адам қаза тапты. Бұл туралы Sky News дерегіне сүйеніп Juzmedia.kz хабарлайды.
Малакка бұғазындағы күшті дауыл Индонезияда 435 адамның, Таиландтың оңтүстігінде 170, Малайзияда үш адамның өліміне себеп болды. Ал, Шри-Ланкада «Дитва» тайфунынан кейінгі су тасқынынан 212 адамның қаза тапқаны расталды.
Жалпы төрт миллионнан астам адам зардап шеккен. Соңғы мәлімет бойынша, Оңтүстік Таиландта үш миллионға жуық, Батыс Индонезияда 1,1 миллион адам қиын жағдайда қалған. Суматра аралының батысында жолдардың жабылуы құтқарушылардың жетуін қиындатып, көмек тікұшақпен берілуде.
Бірқатар өңірде телекоммуникация желілері істен шығып, байланыссыз қалды. Индонезия билігі кей аймақта азық-түлік тиеген колонналар тоналғанын, халықтың көмекке аса зәру екенін хабарлады.