АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украина делегациясымен Флоридада өткен келіссөздерді нәтижелі деп бағалады. Оның айтуынша, тараптар соғысты тоқтату мүмкіндігін ғана емес, Украинаның болашақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын да талқылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters мәліметінше, келіссөздер АҚШ ұсынып отырған жаңа бейбіт бастаманың жалғасы. Бұл жоспар бастапқыда Ресей мүддесіне жақын деген сынға ұшыраған. Жиынға АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Виткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысты. Виткофф осы аптада Мәскеуге барып, Ресей өкілдерімен келіссөз жүргізеді.
Келіссөздердің күрделі өтіп жатыр, дейді Рубио. Оның сөзінше, соғысты тоқтату туралы шешімге келу үшін әлі көп мәселе пысықталуы керек және Ресеймен бөлек келісім жүргізу қажет.
Киев тарапы кездесуге жаңа бас келісуші, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеровты жіберді. Бұған дейін делегацияны басқарған Андрей Ермак энергетика секторындағы жемқорлық дауына ілініп, ақыры қызметінен кеткен. Умеров АҚШ-тың қолдауын ерекше атап, келіссөздерді «өнімді» деп сипаттады.
Украина билігі ішкі қайшылықтар мен майдандағы ауыр жағдайға қарамастан, Мәскеу үшін тиімді шарттармен келіспейтінін ресми түрде мәлімдеп отыр. Президент Владимир Зеленский қарапайым халықты қыспаққа алып отырған электр жүйесіне жасалған соққыларды мысалға келтіріп, «қиын кезеңге қарамастан, жаман келісімге бармаймыз» деді.