Қырғызстан Ішкі істер министрлігі Жогорку Кенеш депутаттарын кезектен тыс сайлау кезінде дауыс сатып алуға қатысты 9 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Министрлік сайлау процесі басталғалы бері 256 заңбұзушылық туралы хабарлама тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Султан Макиловтың айтуынша, «дауыс сатып алу» деректері бойынша Бішкекте 5, Шу облысында 2, Жалал-Абад облысында 2 іс қозғалған. Бұл істер бойынша 12 адамға айып тағылған, тергеу жалғасуда. Сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 14 мыңнан астам полиция қызметкері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
ІІМ орталық аппаратының басшылары өңірлерге жіберіліп, сайлау барысын және қоғамдық тәртіпті бақылап отыр. Қырғызстанда бүгін өтіп жатқан кезектен тыс сайлауда азаматтар 30 көпмандатты округте дауыс беруде. Әр округтен 3 депутат сайланып, олардың кемінде бірі әйел болуы тиіс. Барлығы 90 мандат бөлінеді.
Шетелдегі қырғызстандықтар үшін 34 елде 100 дауыс беру учаскесі ашылған. Қазақстанда Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды, Тараз және Шымкент қалаларында дауыс беру мүмкіндігі бар. Сағат 10:00-дегі дерек бойынша сайлаушылардың қатысуы 3,89 пайыз болды. Сайлаушылар тізімінде 4,29 млн азамат бар. Кезектен тыс сайлауға 467 кандидат тіркелген, олардың жетеуі кейін бас тартқан. Процесті бақылау үшін 788 халықаралық бақылаушы аккредиттелген.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров сайлаудың өту барысын өзі бақылап отырғанын мәлімдеді. Дауыс беру жергілікті уақытпен 20:00-де аяқталады.