Күз түсе соғымға дайындық күшейіп, жылқы мен сиыр етінің бағасы өңірлер бойынша айтарлықтай айырмашылық танытып отыр. Әр қалада баға малдың күйіне, семіздігіне, сондай-ақ етті аяқтап немесе жіліктеп сатып алуына қарай есептеледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz Qazaqparat-қа сілтеме жасап.
Түркістанда жылқы етінің келісі 2 400–2 800 теңге, сиыр еті 2 900–3 500 теңге шамасында. Атырауда жылқы етінің келісі 2 500–2 600 теңге, сиыр еті 3 200–3 300 теңге. Соғымға толық сатып алғанда баға келісіне 2 900–3 500 теңгеге есептеледі. Жылқының орташа құны 450–550 мың теңге.
Семейде жылқы еті 2 600–3 000 теңге. Жабағы 250–320 мың теңге, бие 500–600 мың теңге. Сиыр етінің келісі 3 000–3 300 теңге. Баспақ 448–512 мың теңге, қашар 510–600 мың теңге тұрады. Ірі сиыр етінің келісі 2 800 теңге.
Шымкентте шаруалардан тікелей сатып алса жылқы еті 2 650 теңге, жіліктелгені 2 700 теңге. Базарда баға 3 700–4 800 теңгеге дейін жетеді. Сиыр еті 3 800–4 200 теңге, ал сом еті 6 500 теңге.
Оралда жылқы еті 2 700 теңге, жабағы 300 мың теңге. Сиыр етінің бағасы 2 500–4 500 теңге. Бордақылау алаңдарында тірідей салмақпен 1 700–1 800 теңгеден бағаланады.
Алматыда жылқы еті 2 700–3 500 теңге, жіліктелгені 3 200 теңге. Соғымға арналған қашар еті 2 900–3 400 теңге. Сиыр етін 3 300–3 500 теңгеге сатып алуға болады. Тай мен байталдың бағасы 450 мың теңгеден басталады.
Қызылордада жылқы еті 2 800 теңге, сиыр еті 2 900 теңге. Толық соғым сатып алғанда келісі 2 500 теңгеден есептеледі. Үйге дейін жеткізу қызметі де ұсынылады.
Таразда жылқы еті 2 800–3 000 теңге, сиыр еті 3 500–3 800 теңге. Базарда баға жоғарырақ: жылқы еті 3 500 теңге, сиыр еті 3 700–4 000 теңге. Супермаркеттерде 4 000–5 500 теңгеге дейін.
Астанада жылқы еті 2 800–3 000 теңге. Артқы аяғы шамамен 290 мың теңге. Соғымға арналған жылқы 450 мың теңгеден жоғары. Жіліктелген еттің келісі 3 500 теңге. Сиыр еті 3 000–3 600 теңге.
Қостанайда жылқы еті 2 800–3 200 теңге. Тай 550–700 мың теңге. Сиыр еті 3 100–3 400 теңге, қашар 450–500 мың теңге. Толық соғым 620 мың теңге шамасында.
Ақтауда жылқы еті 2 800–3 400 теңге, сиыр еті 3 800 теңге. Көкшетауда жылқы еті 2 900 теңге, биенің бағасы 500–600 мың теңге. Сиыр еті 3 000 теңгеден басталып, аяқтап сатып алғанда 2 200–2 900 теңгеге бағаланады.
Өскеменде жылқы еті 2 900–4 000 теңге, жабағы 200–250 мың теңге. Сиыр еті 3 200–3 800 теңге. Павлодарда жылқы еті 3 000–3 200 теңге, базардағы баға 3 800–4 000 теңге. Сиыр еті 3 800–4 500 теңге.
Ақтөбеде жылқы еті 3 200 теңге, сиыр еті 2 800–2 900 теңге. Петропавлда жылқы еті 3 400 теңге, тайдың бір аяғы 150 мың теңге. Сиыр еті 4 500 теңгеден басталады, шаруалардан тікелей алғанда 2 200 теңге.
Қарағанды мен Жезқазғанда жылқы еті 3 500 теңге, сиыр еті 2 800 теңге. Тірілей соғым бағасы: жабағы 200–300 мың теңге, тай 350 мың, байтал 450–500 мың, бие 550–700 мың теңге.
Талдықорғанда жылқы еті 3 800–4 000 теңге, тірілей бағасы 600 мың теңге. Тай 530 мың теңге. Сиыр еті 3 800–4 500 теңге, сом еті 5 000 теңге.
Бұған дейін жылқы етін әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енгізу мәселесі көтерілген еді.