homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Гонконг аза тұтып жатыр

29.11.2025, 15:55

Гонконг билігі Тай По ауданындағы тұрғын үйде болған жойқын өрттен кейін қалада үш күндік аза тұту жариялады. Үкімет барлық мемлекеттік ғимараттарда Гонконг пен Қытай туын дүйсенбіге дейін төмен түсіріп, ресми іс-шаралардың бәрін тоқтатты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өрттен 128 адам қаза тауып, шамамен 200 тұрғын із-түзсіз жоғалған. Жалын тұрғын үй кешенінің жеті блогын шарпып, сөндіру жұмыстары 43 сағатқа жалғасты. Қаза тапқандардың 39-ы ғана анықталды, қалғандарының денесі қатты күйгендіктен, жеке басын анықтау жалғасып жатыр. 

Билік қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай қолдау көрсетуді бастады. Әр отбасыға 200 мың гонконг доллары беріледі және келесі аптадан бастап қосымша 50 мың доллар төленеді. Мемлекет барлық кремация мен жерлеу шығындарын өз мойнына алады. Гигиена департаменті кремация орталықтары мен колумбарийлерді дайындауға кірісті.

Өрттен кейін қала тұрғындары қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысып жатыр. Тергеу барысында 11 адам қамауға алынған. Сенбі күні таңғы 8:00-де қала басшысы Джон Ли Ка-Чиу министрлер кабинетімен бірге үш минут үнсіздік жариялайды.

Тай По ауданындағы Wang Fuk Court кешеніндегі өрт Гонконг тарихында тұрғын үйдегі ең көп адам өліміне әкелген оқиға болып тіркелді. Тергеу нұсқасына сәйкес, өрт бамбук құрылыс қаңқасына түскен темекіден тұтанған болуы мүмкін.