homepage
Фото: cpc-online.ru

КҚК терминалына тағы шабуыл жасалды

29.11.2025, 14:25

Ресейдің Новороссийск порты маңындағы Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы Украина қолданған дрон-қайықтардың шабуылына ұшырап, негізгі тіреу-құрылғы қатты зақымданды. Оқиға 29 қарашада Астана уақытымен 06:06-да болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Порт капитанының шешімімен барлық тиеу және қосымша операциялар тоқтатылып, танкерлер акваториядан шығарылды. КТК және мердігер ұйымдардың қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Компания өкілдері жарылыс кезінде авариялық жүйе құбырларды бірден жапқанын, алдын ала мәлімет бойынша мұнай Қара теңізге таралмағанын айтты. Қазір су сынамалары алынып, экологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр.

Зақымданған ВПУ-2 құрылғысын әрі қарай пайдалану мүмкін болмай қалғаны расталды. Терминалда мұнай тиеу дрондар мен дрон-қайықтардан төнген қауіп толық жойылғаннан кейін ғана жалғасады. КТК бұл оқиғаның консорциум нысандарына жасалған үшінші шабуыл екенін хабарлады. Бұған дейін «Кропоткин» мұнай айдау станциясына соққы жасалған, ал 25 қарашада теңіз терминалының кеңсесі зақымданған еді.

Биыл 24 қыркүйекте Новороссийск қаласының орталығына да жойқын дрон-шабуыл жасалып, екі адам жараланған. Сол кезде Қазақстан Энергетика министрлігі КТК арқылы қазақстандық мұнай қабылдау жұмысы шектеусіз жалғасқанын мәлімдеген.