homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстандық әуе компаниялар Airbus ұшақтарының бағдарламасын шұғыл жаңартып жатыр

29.11.2025, 12:08

Қазақстанда Air Astana және Fly Arystan компаниялары Airbus ұшақтарының басқару жүйесін жаңарту бойынша Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі шығарған шұғыл директиваны орындауды бастады. Ведомство мәліметінше, 29 қараша таңына дейін инженерлік қызмет 18 әуе кемесіне жаңарту орнатқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Air Astana тобының паркінде барлығы 38 Airbus ұшағы бар. Оның бесеуіне жаңарту қажет емес екені анықталған. Қалғандарының бір бөлігі Ақтауда, бір бөлігі Астанада және Алматыда жаңартылады. Ал жоспарлы немесе жоспардан тыс техникалық тексерісте тұрған ұшақтарда жаңарту сол жұмыстар аяқталғанға дейін енгізіледі.

Министрлік жаңарту жұмыстары 29 қараша күнінің соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді. Директиваға сәйкес, Airbus A319/A320/A321 үлгісіндегі барлық ұшақтарда биіктікті реттейтін рульді басқару блогының бағдарламасы келесі рейске дейін міндетті түрде жаңартылуы тиіс. Мұндай талап Airbus A320 ұшағында тіркелген, автопилот іске қосылған кезде биіктікті басқаруда қысқа мерзімді ақау болған оқиғадан кейін енгізілген. Әлем бойынша шамамен 6000 ұшақ осы мәселеге қатысты.

Бағдарламаны уақытылы жаңарту үшін Air Astana және Fly Arystan ұшақтарының кейбір рейстері базалық әуежайларда кідірген. Министрлік жолаушыларға өз рейстерінің жаңартылған мәртебесін әуе компанияларының сайттарынан тексеріп отыруды ескертті.