Павлодар облысында 200 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жаратқан жалған төлем схемасы әшкереленді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыста жүкті әйелдерді қағаз жүзінде жұмысқа орналастырып, әлеуметтік төлем рәсімдеген қылмыстық топ анықталды. Тергеу дерегінше, ұйымдастырушылар 50-ден астам әйелге жалған еңбек қатынасын рәсімдеп, әрқайсысына 6 миллион теңгеге дейін жүктілік бойынша төлем алғызған. Схема бірнеше кәсіпкердің электрондық қолтаңбасын олардың рұқсатынсыз пайдалану арқылы жүргізілген.
Тергеу қорытындысы бұл әрекеттерді мемлекеттік әлеуметтік төлемдер орталығы бөлімінің басшысы және оның туысы-бухгалтер ұйымдастырғанын көрсетті. Бухгалтер жалған бұйрықтар мен ведомостар дайындап, әлеуметтік төлем алуға құқық беретін құжаттарды рәсімдеген. Ұйымдастырушылардың үш көлігіне қамау қойылды.
Құзырлы орган бұл іс бойынша барлық дерек жинақталып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу жалғасып жатыр.