Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдан бастап резервтің бір бөлігін криптоактивтерге салу мүмкіндігін қарастырып жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов криптоактивтерге инвестициялау мәселесіне түсінік берді. Оның айтуынша, алтын-валюта қоры бірнеше бөліктен тұрады: бір бөлігі алтын мен бағалы қағаздарда, ал «балама портфель» деп аталатын бөлігі жоғары технологиялы әрі табыстылығы жоғары қаржы құралдарына арналған. Сол портфельдің ішінде жеке бөлім құрылған, ол іс жүзінде крипторезерв ретінде қаралады. Мұнда цифрлық активтермен байланысты акциялар мен өзге де құралдарға инвестиция шоғырландырылмақ.
Сүлейменовтің айтуынша, инвестиция көлемі 300 миллион долларға дейін жетуі мүмкін. Бірақ бұл соманың барлығы бірден жұмсалмайды. Қажет болса 50, 100 немесе 250 миллион доллар деңгейінде шектелуі мүмкін. Ол криптонарықтағы құлдырауды ескере отырып, шешім асығыс қабылданбайтынын айтты. Қазір құқықтық және инфрақұрылымдық негіз ғана дайындалған, ал нақты инвестициялық қадамдар қолайлы жағдай қалыптасқанда жасалады. Артық тәуекелге бармай, әр мүмкіндік мұқият сарапталады.
Ұлттық банк басшысы тиімді қаржы мүмкіндігі пайда болғанға дейін қаражат салынбайтынын да атап өтті. Цифрлық активтердің барлығы құнсызданған кезеңнен кейін нарықтың тынышталуын күту қажет. Шешімдер қысқа мерзімді дақпыртқа емес, ұзақмерзімді табыстылық әлеуетіне сүйенуі тиіс.
Бұған дейін Ұлттық банктің Ұлттық қор мен резервтен шамамен 300 миллион долларды криптоактивтерге салу мүмкіндігін талқылайтыны хабарланған еді. Сонымен қатар елдегі көлеңкелі криптонарықты заңды айналымға шығару жоспары да айтылған болатын.