Қазақстанда жергілікті бюджеттердің кірісі соңғы бес жылда 3,1 трлн теңгеден 7,9 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев ауыл әкімдерінің форумында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның мәліметінше, 2026 жылдан бастап өңірлерге бірқатар салық түрлері, төлемдер және барлық әкімшілік айыппұлдар беріледі. Соның нәтижесінде аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттерінде кірістің 70 пайыздан астамы шоғырланатын болады.
Бозымбаев бұл өзгерістер жергілікті бюджеттерге 500 млрд теңгеден артық қосымша қаражат әкелетінін айтты. Сонымен қатар артта қалған өңірлерді қолдау үшін өңірлік стандарттардың жаңа жүйесі енгізілген. 2028 жылға қарай инфрақұрылыммен қамту деңгейі 69,2 пайызға жетеді деп болжанып отыр.