homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Ұлттық банк төрағасы: теңге бағамында айтарлықтай өзгеріс болмайды

28.11.2025, 16:16

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов алдағы кезеңде теңгенің күрт құбылуы күтілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, валюталық нарықта қазір екі түрлі үрдіс қатар байқалып отыр.

Сүлейменовтің сөзінше, бір жағынан, ішкі нарықтағы тұтынушылық сұраныс өсіп жатыр. Көптеген кәсіпорындар мен отбасылар салық реформалары мен ҚҚС мөлшерлемесінің 16 пайызға өзгеруіне дейін тауарды көбірек сатып алуға тырысуда. Соның салдарынан импортқа сұраныс артып, оған төлем негізінен доллармен жасалғандықтан, америкалық валютаға қажеттілік көбейді.

Екінші жағынан, базалық мөлшерлеменің 18 пайызға дейін көтерілгені шетелдік инвесторлар үшін теңгелік қаржы құралдарын тартымды ете түсті. «Капитал қозғалысы тұрғысынан қолайлы жағдай қалыптасты. Шетелдік инвесторлар нарыққа қосымша 1,4 млрд доллар алып келді. Бұл доллар ұсынысын арттырып, теңгенің нығаюына ықпал етті», – деді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, теңге бағамына әсер ететін негізгі факторлар – сыртқы жағдайлар, әсіресе мұнай бағасы. Қазіргі уақытта мұнай құны 63–65 доллар шамасында тұрақты. «Біз де, Үкімет те осы деңгейді негізгі болжамдық көрсеткіш ретінде алып отырмыз. Бағамға қатты әсер ететін қосымша өзгеріс көріп тұрған жоқпыз. Сондықтан теңгенің күрт қозғалысын күтпейміз», – деп түйіндеді Сүлейменов.

Айта кетейік, Halyk Finance болжамына сәйкес, доллар 2026 жылы 600 теңге деңгейіне жетуі мүмкін.