«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін 2029 жылға дейін шамамен 600 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл бизнесін қолдауға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтері тиімді құрал болғанымен, олар әлі де ауыл экономикасының тірегіне айнала қойған жоқ. Көп жағдайда кооперативтер тар топтың пайдасына жұмыс істеп, жеке шаруашылықтар мен өнім өңдеушілер арасындағы делдалға айналып отыр. Мұндай әрекеттер заңға қайшы болмаса да, ауыл халқының табысын арттыруға кедергі келтіретіні айтылды.
Мемлекет басшысы кооперативтер құру ісі бүкіл елді қамтуы тиіс екенін, ауыл тұрғындары өзгерісті өз өмірінен сезінуі керек екенін баса айтты. Жеке фермерлер біріспесе, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға арналған мемлекеттік шаралар нәтижесіз қалуы мүмкін. Осыған байланысты бұл бағыттағы жұмысты жандандыру тапсырылды.
Президент «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлігі үшін үлкен мүмкіндік екенін еске салды. Екі жыл ішінде бағдарлама аясында 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. 2029 жылға дейін бағдарламаға 600 млрд теңге жұмсалады.
Тоқаев ауылдағы инфрақұрылымды дамыту да басты міндет екенін атап өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының және ұлттық компаниялардың ресурстары мал бордақылайтын және сою алаңдарын, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізумен айналысатын сервистік орталықтарды дамытуға бағытталуы тиіс. Көптеген өңірде мұндай нысандар жетіспейді. Оңтүстік облыстарда суару каналдары мен ирригациялық жүйелерді жаңарту мәселесі ерекше өзекті.
Президенттің айтуынша, тиісті инфрақұрылымның дамуы әкімдерге инвестиция тартып, ауыл бизнесін қолдауға қосымша мүмкіндік береді.
«Әкімнің басты міндеті – халықтың өмір сапасын арттыру. Әрбір тұрғынның әл-ауқаты – бүкіл ауылдың өркендеуінің кепілі», – деді ол.
Ауыл экономикасын кеңейту үшін өңірлік стандарттар жүйесіне өзгеріс енгізу қажет. Үкіметке ауылдың жаңа дамуына серпін беретін нақты ұсыныстар дайындау тапсырылды. Бұдан бөлек, ауылды дамыту жаңа көзқарас пен заманауи тәсілді талап ететіні атап өтілді.