Петропавлдағы Абай атындағы мектеп гимназиясының асханасында тамақтың ішінен жәндіктер табылды. Салақ кәсіпкердің салғырттығына ата-аналар наразы деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Қыркүйектің басында макаронның ішінен жәндіктер шықты. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке шағымдандық. Ата-аналар жиналып, асханада қызмет көрсететін кәсіпкерді ауыстыруды талап етіп отырмыз», - дейді ата-ананың бірі Анар Ахметова.

Анықталғандай, аталған мектеп осыдан алты жыл бұрын Л.Көпебаева деген кәсіпкермен келісімге отырған. Соңғы жылдары қызмет сапасы сын көтермей барады. Дегенмен, қалалық білім бөлімі кәсіпкер Көпебаевамен келісімді бұзуға асығар емес. «Ескерту жасадық, түзелер» деп ата-аналарды сабырға шақырып отыр.

«8 қыркүйек күні ата-аналар тарапынан шағым түсті. Петропавл қалалық санитарлық қызметіне хат жолдадық. Аталған орган тексеріс жүргізіп, тазалық талаптары бұзылмаған деген қорытындыға келді. Бракераждық комиссия жұмысын күшейтті. Көпебаеваға ескерту жасалды. Ол олқылықтарды жоймаса, сотқа арыз жолданады», - дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Динара Рақышева.
Абай атындағы қазақ мектеп гимназиясында мыңнан астам бала білім алып жүр. 1-4 сынып оқушылары асханада тегін тамақтанады.