Сауда және интеграция министрлігі міндетті таңбалау тізімін кеңейтіп, оған төрт жаңа тауар санатын қосты: сыра өнімдері, мотор майлары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және киік мүйіздері, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап киік мүйіздері міндетті түрде таңбаланатын болады. Киік мүйізіне Қытай медицинасында сұраныс жоғары болғандықтан, заңсыз сауда мен браконьерлік кең тараған. Әр мүйізге жеке код қою оның қайдан шыққанын анықтауға, заңсыз айналымды шектеуге және ресми есеп жүргізуге мүмкіндік береді. Министрлік бұл шара браконьерлікті төмендетуге әсер етеді деп отыр.
Сыра және сыра сусындарын бөтелке мен кег форматында таңбалау 2026 жылдың 1 ақпанында енгізіледі. Ал қаңылтыр банкадағы сыра 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап таңбаланады. Қазір Қазақстанда сыра айналымын бақылайтын бірыңғай жүйе жоқ, осының салдарынан контрабандалық өнім көптеп таралады. Сыра акциздік тауар болғанымен, бүгінге дейін есепке алу таңбалары қолданылмаған.
Мотор майларын таңбалау да 2026 жылдың 1 ақпанында басталады. Қалған майлау материалдары үшін міндетті таңбалау 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізіледі. Сарапшылардың айтуынша, елде сатылып жатқан мотор майының шамамен 50 пайызы көлеңкелі айналымда болуы мүмкін. Бұл экономикаға зиян келтіріп қана қоймай, автокөлік иелері үшін де қауіпті, себебі сапасыз май қозғалтқышты бүлдіреді.
Жеңіл өнеркәсіп тауарлары кезең-кезеңімен таңбаланады. 2026 жылдың 1 желтоқсанында басталатын бірінші кезеңде жасанды мехтен тігілген киімдер, тоқыма бұйымдары, ерлер мен әйелдердің сырт киімі, спорттық костюмдер, төсек-орын және асүй жабдықтары қамтылады. 2027 жылдың 1 наурызынан бастап блузкалар, свитерлер, пальто, жейделер, шарфтар мен галстуктер таңбаланады. Үшінші кезең 2027 жылдың 1 қазанынан басталып, костюмдер, көйлектер, трикотаж пальто, спорттық киімдер және пиджак-брюки жиынтықтары енгізіледі. Сарапшылардың дерегінше, бұл нарықта контрафактің үлесі 59 пайызға дейін жетеді.
Таңбалаудың мәні – әр тауарға ерекше Data Matrix кодының қойылуы. Бұл код өнімнің өндірістен тұтынушыға дейінгі барлық қозғалысын ақпараттық жүйеде тіркеп отырады. Осылайша таңбалау заңсыз өнімді анықтауға, тұтынушыларды қорғауға және адал кәсіпкерлер үшін әділ бәсеке қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда темекі өнімдері, аяқ киім және дәрі-дәрмек міндетті таңбаланады. Бүгінге дейін 7 млрд данадан астам тауар таңбаланған. Зергерлік бұйымдарға арналған пилот аяқталды, ал ББҚ, тұрмыстық химия, газ баллондары, медицина бұйымдары және өсімдік майын таңбалау бойынша пилоттық жобалар жалғасып жатыр.