Өскемен қаласында алимент бойынша 6 мыңнан астам орындау құжаты бар. Бұл көмекке 8 мыңға жуық бала үміт артып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратура жыл басынан бері 171 млн теңгені өндіріп алғанын хабарлады.
Қалада әлі де 649 проблемалық іс тіркелген. Қарыз көлемі 1 млрд теңгеден асып кетті. Төлемнен жалтарғандардың көліктері ұсталып, деректері «Поток» және «Мерген» жүйелеріне енгізілген. Жүйелі түрде төлемегендер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Ресми жұмысы жоқ борышкерлер жұмыспен қамту орталығына жіберіледі, олардың еңбекке орналасуы тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларына да бақылау күшейтілген. Тексеру нәтижесінде 25 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.