Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізімен бірге жылдық 18 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Шешім жаңартылған макроэкономикалық болжамдарға және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген.
Қазанда жылдық инфляция 12,6 пайызға жетті. Азық-түлік бағасы 13,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11 пайызға қымбаттады. Қызметтер инфляциясы коммуналдық тарифтердің әкімшілік төмендеуінен кейін 12,9 пайызға дейін баяулаған. Ұлттық банк мұны сұраныстың ұсыныстан жүйелі түрде басым болуымен, импорттың қымбаттауымен және шығындардың өсуімен байланыстырады.
Қазанда айлық инфляция 0,5 пайызға дейін баяулағанымен, базалық инфляция 1 пайыз болып қалды. Бір жылдық мәнде бұл 12,2 пайызға сәйкес келеді. Тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің 80 пайызы 5 пайыздық межеден жоғары қарқынмен қымбаттап отыр. Банк инфляциялық қысым фискалдық және квазифискалдық ынталандыру, сондай-ақ жоғары тұтынушылық сұраныс әсерінен күшейіп отырғанын атап өтті.
Ұлттық банк инфляция болжамын да қайта қарады: 2025 жылы 12–13 пайыз, 2026 жылы 9,5–12,5 пайыз, 2027 жыл қорытындысында 5,5–7,5 пайыз шегінде болуы күтіледі. Биыл 10 қазанда да базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде бекітілген болатын.